Бүгінгі білім беру кеңістігінде цифрлық технологияларды тиімді меңгеру мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру оқытушының кәсіби қызметіндегі маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Осы тұрғыда №6 «Желілік технологиялар және киберқауіпсіздік» кафедрасының оқытушысы Немеребаева Ляззат Қалапбергенқызы оқу, тәрбие және ғылыми-әдістемелік жұмыстарды өзара сабақтастыра отырып, мазмұнды іс-шаралар өткізді.
2025 жылғы 8 желтоқсанда ИН-413б тобымен «Диагностика, компьютерді орнату және бағдарламалық құралды орнату» модулі бойынша «BIOS және UEFI негіздері және интерфейсі» тақырыбында ашық сабақ ұйымдастырылды. Сабақ барысында білімгерлер компьютер жүйесінің бастапқы жүктелу механизмдерімен танысып, BIOS пен UEFI жүйелерінің функционалдық ерекшеліктерін салыстырмалы түрде қарастырды. Бұл тәсіл студенттердің техникалық ойлау қабілетін дамытып, заманауи ақпараттық технологияларды тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.
2026 жылғы 30 қаңтарда «Заң және Тәртіп» айлығы аясында ИС-511б тобымен «Қауіпсіз қоғам» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтті. Іс-шара барысында қауіпсіз қоғам ұғымы тек заң талаптарымен ғана емес, жеке жауапкершілік, құрмет және адалдық сияқты адамгершілік құндылықтармен тығыз байланыста қарастырылды. Бұл өз кезегінде студенттердің азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етті.
Сонымен қатар, 2026 жылғы қаңтар айында оқытушының «Колледж студенттерінің оқу мотивациясын арттыруда AI-құралдарды қолданудың тиімді әдістері» тақырыбындағы ғылыми мақаласы «Халықаралық ғылыми-педагогикалық әдістемелік» журналда жарияланды. Бұл жұмыс педагогтың заманауи білім беру трендтеріне бейімделіп, инновациялық тәжірибені оқу процесіне енгізуге ұмтылысын көрсетеді. Сондай-ақ, «BEST TEACHERS» журналында өз тәжірибесімен бөліскені үшін Алғыс хат пен Сертификатқа ие болды.
Мақалада сипатталған жұмыстар білім алушылардың техникалық сауаттылығын арттырумен қатар, олардың тұлғалық дамуына, қауіпсіздік мәдениетін және заманауи ойлау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды тәжірибе ретінде бағаланады.




