Қарағанды қаласындағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығы базасында паралимпиадалық спорт түрі – боччадан «SARYARQA BOCCIA» облыстық ашық турнирі өтті. Ауқымды жарысқа еліміздің оннан астам өңірінен 70-тен аса спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Аталған турнирдің негізгі мақсаты – инклюзивті спортты дамыту, ерекше қажеттілігі бар спортшыларды қолдау, бочча спортын кеңінен насихаттау және спортшылар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс Қарағанды облысындағы параспорттың дамуына және өңір құрамасының кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған.
Тартысты додада колледжіміздің IS-413b тобының студенті Әбеуғали Әли жоғары шеберлік пен табандылық танытып, жүлделі III орынға ие болды.
Әлидің бұл жетістігі – тек жеке жеңіс қана емес, сонымен қатар жастар арасында спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға қосылған үлкен үлес.
Студентімізді жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындырып, жаңа жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз!

