Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің студенті Болатхан Аян Берікжанұлы дрон-рейсинг және авиамодельдеу бағытындағы «AITU KazRoboDrone 3.0» халықаралық конкурсының аймақтық іріктеу кезеңінде жүлделі II орынды иеленді.
Аталған конкурс Талдықорған қаласында алғаш рет ұйымдастырылып, Jetisu Digital IT-HUB алаңында өтті. Іс-шара жас инженерлердің, IT және техникалық бағыттағы білім алушылардың кәсіби даярлық деңгейін, инженерлік ойлау қабілетін және заманауи технологияларды меңгеру дағдыларын анықтауға бағытталды.
Болатхан Аян «Симуляторда дрон-рейсинг жарысы» бағыты бойынша Senior (16–21 жас) жас санатында бақ сынады. Жарыс нәтижесінде ол жоғары техникалық дәлдік пен тұрақты нәтиже көрсетіп, 126 қатысушының арасынан озық шығып, II дәрежелі дипломмен марапатталды.
Конкурсты Astana IT University, «Қазақстан инжиниринг» ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық орталығы және «Astana Daryny» ұйымы бірлесіп өткізді. Байқаудың негізгі мақсаты — инженерлік-техникалық бағыттағы жастар арасында инновациялық технологияларды дамыту, перспективалы дрон-пилоттарды анықтау және қолдау. Аталған конкурс студенттердің практикалық дағдыларын жетілдіруге, кәсіби құзыреттілігін арттыруға және жоғары технологиялық салаларға деген қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етеді.
Талдықорған жоғары политехникалық колледжі Болатхан Аян Берікжанұлын қол жеткізген нәтижесімен құттықтап, алдағы финалдық кезеңде сәттілік пен жоғары жетістіктер тілейді.



