Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, ағымдағы жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Бұл шешім елдің стратегиялық бағытын — технологиялық дамуды жеделдету, цифрлық экономиканы қалыптастыру және қоғамды жаңа дәуірдің талаптарына дайындау қажеттілігін көрсетеді.
Цифрлық технологиялар дәуірі — бұл тек жаңа құрылғылар мен бағдарламалық шешімдерді енгізу ғана емес. Бұл жаңа мамандықтар мен жұмыс орындарының пайда болуы, мемлекеттік басқарудың тиімділігінің өсуі, кәсіпкерлік, стартап мәдениеті және инновациялық салалардың дамуы. Сонымен қатар, бұл оқу, еңбек және ойлау тәсілдерінің өзгеруі. Жақында ғана фантастика болып көрінген автономды жүйелер, ақылды ассистенттер, ірі деректерді талдау, виртуалды және толықтырылған шындық — бүгінде күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып отыр.
Бұл процесте жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу ерекше мәнге ие. Дәл білім беру жүйесінде жаңа цифрлық шындықта өмір сүретін және жұмыс істейтін ұрпақ қалыптасады. Қазіргі мектептер мен колледждер тек дәстүрлі оқыту әдістерімен шектеле алмайды. Ең бастысы — цифрлық компетенцияларды, алгоритмдік және сыни ойлауды, бағдарламалау дағдыларын, деректермен жұмыс істеу, робототехника және ЖИ құралдарымен жұмыс іскерлігін дамыту.
Осы контексте FabLab-кеңістіктерін құру және дамыту — теорияны практикаға айналдыратын заманауи инновациялық лабораториялардың маңызы ерекше. Талдықорған политехникалық колледжіндегі лаборатория 2025–2027 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім жүйесін трансформациялау жол картасы аясында ашылуы жоспарланған бес зертхананың бірі болып табылады.
Талдықорған жоғары политехникалық колледжіндегі FabLab үш өзара байланысты лабораториядан тұрады:
- Робототехника лабораториясы
Бұл робототехника жүйелерін әзірлеу және бағдарламалау орны. Мұнда студенттер:
— мобильді және стационарлық роботтарды құрастырады;
— электроника және микроконтроллер негіздерін меңгереді;
— сенсорлық жүйелер, автоматтандыру және мехатрониканы зерттейді;
— роботтардың мінез-құлқын және автономдық элементтерін бағдарламалайды;
— «ақылды» құрылғылар мен басқару жүйелерінің прототиптерін жасайды.
Робототехника лабораториясы өнеркәсіпте, логистикада, медицинада және «ақылды» технологиялар саласында сұранысқа ие практикалық дағдыларды қалыптастырады.
- 3D-модельдеу және 3D-баспа лабораториясы
Бұл цифрлық жобалау және прототиптеу орталығы. Мұнда студенттер мен оқушылар:
— бөлшектер, корпустар және механизмдердің 3D-модельдерін жасайды;
— CAD бағдарламаларын және инженерлік дизайн негіздерін меңгереді;
— 3D-принтерде прототиптер шығарады;
— өз жобаларын жетілдіріп, сынақтан өткізеді;
— макеттер, оқу құралдары және робототехника жобаларына арналған элементтер жасайды.
Лаборатория идеядан бастап физикалық өнімге дейінгі толық циклді қамтуға мүмкіндік береді, бұл инженерлік және жобалық ойлауды дамыту үшін өте маңызды.
- Жасанды интеллект лабораториясы
Бұл ЖИ-технологияларын зерттеу және практикалық қолдану орны. Мұнда студенттер:
— машинамен оқыту және нейрондық желілер негіздерімен танысады;
— чат-боттар мен интеллектуалды ассистенттер әзірлейді;
— сурет пен мәтінді тану жүйелерін жасайды;
— деректерді талдайды және болжамдық модельдер құрады;
— робототехника және инженерлік жобаларға ЖИ элементтерін енгізеді.
Жасанды интеллект лабораториясы қазіргі цифрлық жүйелердің қалай жұмыс істейтінін түсінуге және ЖИ-ді тек қолданушы ретінде емес, әзірлеуші ретінде де пайдалануды үйретеді.
Бұл үш лабораторияны Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде бір FabLab кеңістігіне біріктіру күшті синергетикалық эффект береді. Студенттер кешенді жобаларды әзірлей алады:
— құрылғы корпусын 3D-модельдеу;
— оны 3D-принтерде шығару;
— электрондық құрамын жинау;
— басқаруды бағдарламалау;
— жасанды интеллект элементтерін енгізу.
Осылайша, колледждің FabLab кеңістігі нақты практикалық дағдылар қалыптасатын, жобалық және командалық ойлау дамитын, ерте кәсіби бағдар берілетін, студенттік стартаптар мен инновациялық бастамалар үшін жағдай жасалатын ортаға айналады.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы — бұл бір реттік акция емес, елдің ұзақ мерзімді даму бағыты. Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің FabLab сияқты кеңістіктеріне инвестициялар — Қазақстанның болашағына, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға, білім экономикасын дамытуға және технологиялық тәуелсіздікті қалыптастыруға салынған үлес. Мұнда цифрлық технологияларды тек тұтынушы ретінде емес, жасампаз ретінде пайдаланатын ұрпақтың іргетасы қаланады.

