2026 жылғы 13 ақпанда Талдықорған жоғары политехникалық колледжі базасында Жетісу облыстық мәслихаты төрағасы Гүлнар Қожағұлқызы Тойлыбаевамен оқытушылар және студенттердің кездесуі өтті.
Іс-шара «Қазақстанның саяси жаңғыруы: конституциялық реформаның жүзеге асырылуы мен даму бағыттары» тақырыбы аясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың іске асырылу кезеңдері, өкілді билік тармақтарының өкілеттігін кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру және азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Пікір алмасу алаңы білім алушылардың саяси сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік реформалардың мәні мен бағыттарын терең түсінуге мүмкіндік берді.
Колледж ұжымы үшін мұндай мазмұнды кездесулердің маңызы ерекше. Білім беру үдерісі кәсіби даярлықпен шектелмей, құқықтық мәдениеті жоғары, азаматтық жауапкершілігі қалыптасқан тұлға тәрбиелеуге бағытталған.
Осындай ашық кездесулер – саналы қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

