14.11.2025 ж. күні Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде жас мамандарға арналған “Scaffold-құралдарын пайдаланып оқу сабақтарын жобалау” тақырыбында біліктілікті арттыру семинары өткізілді. Семинарды арнайы пән оқытушысы, педагог Әділбаева Толғанай және тарих пәні оқытушысы Әскерхан Мадина жүргізді.
Қазіргі білім беру жүйесінде оқытудың тиімді әдістерін қолдану, студенттердің оқу мотивациясын арттыру және олардың оқу материалын меңгеруін жеңілдету мақсатында scaffolding (қолдаушы құрылымдар) технологияларын сабаққа енгізу – маңызды бағыттардың бірі. Осыған орай өткізілген семинар жас мамандарға scaffold-құралдарының түрлері, мақсаты және оларды сабақта дұрыс қолдану жолдары туралы кең әрі практикалық түсінік беруге бағытталды.
Семинар барысында қатысушыларға scaffold технологиясының негізгі элементтері – визуалды тіректер, жетекші сұрақтар, бағдар беретін шаблондар, деңгейлік тапсырмалар және рефлексия құралдары – интерактивті әдістер арқылы таныстырылды. Жас мамандар топтық жұмыстар орындап, әр құралдың оқу үдерісіндегі рөлін нақты мысалдармен талдады.
Семинардың ерекшелігі – тәжірибелік бөлімнің басым болуы. Қатысушыларға scaffold модельдерін пайдаланып қысқа оқу фрагментін құрастыру, тапсырмаларды сатылы түрде жоспарлау және студентке қолдау көрсетудің тиімді деңгейін анықтау ұсынылды. Бұл жұмыс жас мамандарға теориялық білімін тәжірибеде бекітуге мүмкіндік берді.
Семинар соңында тыңдаушылар scaffold-құралдарының оқу үдерісіндегі маңызын, студенттің материалды түсінуін жеңілдетудегі рөлін және мұғалімнің әдістемелік шеберлігін арттырудағы ықпалын толық меңгеріп шықты.
Өткізілген семинар өз мақсатына жетіп, жас педагогтердің кәсіби қызығушылығын арттырып, сабақ жоспарын сапалы жобалау дағдыларын нығайтты.
Арнайы пән оқытушысы Әділбаева Т.М
Тарих пәні оқытушысы Әскерхан М



