Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы, педагог-модератор – Индира Турсуновна Жумабекова 18.11.2025ж. күні «Бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз етуді орнату және қолдау» модульі бойынша SW-45b тобында «Сервистік бағдарламаларға жалпы шолу» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Ақпараттық технологиялар сабақтарында білімгерлердің компьютерлік сауаттылығын дамытуда сервистік бағдарламалардың маңызын түсіндіру ерекше орын алады. Осы мақсатта өткізілген ашық сабақ білім алушыларға сервистік бағдарламалардың түрлері, қызметі және оларды тиімді қолдану жолдары жайлы тереңірек мағлұмат беруге бағытталды.
Сабақ барысында оқытушы білімгерлерге сервистік бағдарламалардың негізгі топтарын – антивирустық қосымшалар, архиваторлар, резервтік көшіру бағдарламалары, жүйені оңтайландыру құралдары және диагностикалық утилиталарды – интерактивті әдістер арқылы түсіндірді. Білімгерлер топтық жұмыстар жасады. Әр топтың қызметі нақты мысалдармен көрсетіліп, бағдарламалардың компьютер қауіпсіздігі мен өнімділігін арттырудағы рөлі талқыланды.
Ашық сабақтың ерекшелігі – тәжірибелік бөлімнің басым болуы. Білімгерлерге нақты бағдарламалармен жұмыс жасау, файлдарды қысу, жүйені тазарту, вирусқа тексеру жүргізу және резервтік көшіру қадамдарын орындау ұсынылды. Бұл олардың теориялық білімін тәжірибеде бекітіп, сервистік бағдарламаларды қолдану дағдыларын нығайтты. Сабақ соңында білімгерлер сервистік бағдарламалардың қазіргі ақпараттық ортада қаншалықты маңызды екендігін, компьютердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етудегі орнын және оларды дұрыс пайдалану қажеттігін түсініп шықты. Ашық сабақ өз мақсатына жетіп, білім алушылардың қызығушылығын арттырып, пәнге деген ынтасын күшейтті.
Арнайы пән оқытушысы, педагог-модератор –
Жумабекова Индира Турсуновна


