2 қазан – Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлерінің күніне орай, Ақтау қаласында өткен «TurkicSkills-2025» халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатының ашылу салтанатында Талдықорған жоғары политехникалық колледжі еліміздің 700-ден астам колледжінің ішінен озып шығып, «Үздік политехникалық колледж» атағын иеленді.
Чемпионат барысында колледж студенті Шакен Зере «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша қатысып, алтын жүлдегер атанып, Қазақстанның намысын халықаралық деңгейде лайықты қорғады. Бұл жетістік – колледждің заманауи білім беру жүйесіндегі жаңашылдығының, ұжымның кәсібилігінің және студенттердің шығармашылық табандылығының айқын нәтижесі. Жас таланттың жеңісіне аталған құзыреттілік бойынша облыстың бас сарапшысы Айгерім Бауыржанқызының кәсіби тәлімгерлігі зор үлес қосты.
Аталған маңызды жеңістерге орай Жетісу облысы әкімінің орынбасары колледж ұжымын арнайы қабылдап, ұстаздар мен студенттерді құттықтап, облыс әкімінің атынан алғыс білдірді.
Қабылдау барысында халықаралық чемпионатқа дайындық кезеңдері және жастардың кәсіби әлеуетін дамыту бағытындағы жоспарлар талқыланды.
Талдықорған жоғары политехникалық колледжі бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру саласында сапалы оқыту мен кәсіби шеберлікті дамытуда көшбасшы оқу орны ретінде танылып отыр.




