2 қазан — ҚР Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлерінің күніне орай, Ақтау қаласында өткен «TurkicSkills-2025» халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатында Талдықорған жоғары политехникалық колледжі еліміздің 700-ден астам колледжінің арасынан озып шығып, «Үздік политехникалық колледж» атағына лайық деп танылды.
Колледж студенті Шакен Зере «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша алтын жүлдегер атанды. Бұл жеңіс – студенттің шығармашылық еңбегі мен табандылығының, сондай-ақ жетекшісі, эксперт Айгерім Бауыржанқызының кәсіби қолдауының нәтижесі.
«TurkicSkills-2025» чемпионаты түркі мемлекеттері арасындағы кәсіби шебер жастардың басын қосқан маңызды алаң болды. Байқауға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және басқа елдерден келген жас мамандар қатысты.
Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің бұл қос жеңісі —
білім сапасының, оқытушылар құрамының кәсібилігінің және студенттердің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігінің айқын дәлелі. Бұл жетістік – Жетісу облысының, Қазақстанның және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің үлкен мақтанышы!



