Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласы
“Егемен Қазақстан” газетінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласы жарияланды.
Мақала Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Онда Мемлекет басшысы еліміздің үш онжылдықтағы қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін атап өтті, сондай-ақ болашаққа міндеттерді айқындады.
“Қазақстан – біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар. 2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені, мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз”, – деп жазды Мемлекет басшысы.
“Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек”, – деп жазды Президент.
“Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда “Ештен кеш жақсы” деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек. Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді”, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
“Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Менің “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамам және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз”, – деп атап өтті ол.