КОЛЛЕДЖ ТАРИХЫНАН

Опубликовано Админ в

1935 жылы Қазақ ССР Жер істері Халық комиссариатының бұйрығымен Алматы облысының Талдықорған қаласында Талдықорған ауылшаруашылығын механикаландыру мектебі ашылды.

1947 бастап мектептің директоры Доргатов Рустам болды. Жоғары білімді адам, ол жеті жылдық мектепті, ФЗУ-ды бітіргеннен соң Ленинградтың кеңестік сауда институтын, Әскери автотехникалық училищені бітірген. Оқу орнын 1970 жылға дейін басқарып, колледждің қалыптасуына зор үлес қосты.

1947-1950 жылдары 120 орындық жатақхана, 300 орындық оқу корпусы, асхана, басқа да шаруашылық құрылыстары салынды. Аталған құрылыстың барлығы бүгінгі колледж ғимараты орналасқан жерлерде тұрғызылған.

1952-1953 оқу жылының өндірістік көрсеткіштерінің қорытындысы бойынша Талдықорған ауылшаруашылығын механикаландыру мектебінің бес мүшесі Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысты.

1954 жылы мектеп Талдықорған ауылшаруашылығын механикаландыру училищесі деп атын өзгертіп, 129 оқушы қабылданып , оларға тегін тамақ, жұмыс пен оқу киімдерін тегін беру, медициналық қызмет көрсету ұйымдастырылды. Училищенің директоры болып Р.Доргатов бекітілді. Мемлекеттік акт бойынша училищеге 600 гектар жер бекітіліп, оқу орнының материалды-техникалық базасы нығая бастады.

1951-1961 жылдар аралығында аталған оқу орнында 1500 астам ауылшаруашылығына кажетті жоғары сапалы кадрлар дайындалған.

1961 жылы №24 Талдықорған механикаландыру училищесі негізінде Талдықорған индустриалдық кәсіптік білім беру техникумы ашылады. Техникум директоры болып Р.Доргатов тағайындалады.

1966 жылы аталған техникум Талдықорған индустриалды-педагогикалық техникумы деп аталып, атын өзгертеді. Р.Доргатов директор болып жұмысын 1970 жылға дейін жалғастырады.

Жыл сайын оқу орны нығайып отырды. Әр жылдарда Талдықорған индустриалды-педагогикалық техникум директорының қызметін білікті мамандар, кәсіптік білім беру ісінің үздіктері басқарады: 1971-1975 жылдары Муханов Артемий Васильевич, 1976-1980 жылдары – Баталова Гүлшара Омарқызы, 1981-1985 жылдары – Камнев Иван Степанович , 1986-1990 жылдары – Хенкин Валерий Александрович, 1991-1996 жылдары – Дукенбаев Молдақажым Мұсаұлы, 1997-2010 жылдары – Шыныбаев Музаппар Адамбекұлы, 2010-2018 жылдары Тәкенова Ғайнижамал Долдақызы.

Баталова Гүлшара Омарқызының қызметін ерекше атап өткен жөн.

Осы кісінің басшылығымен оқу орнының материалды-техникалық базасы кеңейіп, нығайды,ондаған жабдықталған жаңа оқу кабинеттері, 680 орындық жатақхана, қоғамдық тұрмыстық кешені, оқу полигоны, 40 орындық санаторий-профилакторий іске қосылды, талаптарға сай оқу -өндірістік шеберханалар жабдықталды, машина-трактор паркі, станоктар, басқа да жабдықтар толық жаңартылды.

Техникалық шығармашылық үйірмелер жұмыстарын жандандырып, нәтижелерін көрсете білді. Халықтар Достастығы орденінің иегері, КСРО кәсіптік білім берудің еңбек сіңірген шебері И.С.Спиридоновтың басқаруымен ағаш,темір өңдейтін әмбебап станоктарын көптеп шығарылып, облыстың колхоз, совхоздарынан сұраныстар түсе

бастады. Осы станоктар Москвада КСРО Халық шаруашылық жетістіктерінің Көрмесінде орын алды.

Гүлшара Омарқызының қолдауымен техникумда Халық ансамблі атағын жеңіп алған «Алтын дән» ән-би ансамблі нәтижелі жұмыс істеген. Кеңес Одағының Батыры И.Д.Шадрин, аты аңызға айналған И.Панфиловтың қызы В.И.Панфилова, Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева, ленинградтық ақындар Марк Яковлев, Владимир Эрль, КСРО халық әртістері Бибігүл Төлегенова мен Роза Бағланова, Қаз. КСР Халық әртістері Е.Хасанғалиев, Н.Нүсіпжанов, З.Қойшыбаева, Р.Рымбаева техникумның құрметті қонақтары болды.

Г.О.Баталованың тынымсыз еңбегінің арқасында 1979 жылы Бүкілодақтық социалистік жарыс көрсеткіштерінен техникум КСРО бойынша 73 индустриалды- педагогикалық техникумдар ішінде Бірінші орынды иеленді. Техникум директоры, кейбір оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері КСРО ордендері, медальдары және құрмет белгілерімен марапатталды.

Техникум ұжымы мен студенттер құрамы көпұлтты, ынтымақтастығы мен достығы жарасқан болды, техникум түлектері бүгін бұрынғы Кеңес Одағының түпкір-түпкірінде, шетелдерде кездестіруге болады десек, қате айтпаған болармыз.

1991 жылы техникум директоры болып К.М.Дүкенбаев сайланды, жаңа мамандықтар ашылды. Басшының серіктестер командасының жұмысы өз нәтижесін көрсете бастады. Көбісі КСРО және Қаз. КСР Кәсіптік білім беру Үздігі белгілерімен марапатталды.

Техникумның бұдан арғы тағдыры еліміздегі өзгерістермен байланысты. 1993 жылы техникум Талдықорған индустриалды-педагогикалық колледж болып атанды, К.М.Дукенбаев басшылық қызметін жалғастырды.

1996 жылы индустриалды-педагогикалық колледж Талдықорған құрылыс колледжімен біріктіріліп, Талдықорған политехникалық колледжі болып атанды. Ал 1967 жылы ұйымдастырылған Талдықорған құрылыс техникумының өз тарихы бар, ол өз кезегінде, 1992 жылы Талдықорған қаласындағы №8 КТУ-мен біріктіріліп, жоғары кәсіптік лицей деп аталған.

1997 жылдан Талдықорған политехникалық колледжін профессор Шыныбаев Мұзаппар Адамбекұлы басқарды. Жаңа мақсаттар мен мүмкіндіктер пайда болды, жаңа мамандықтар ашылды. Басшылықтың тынымсыз әрекеттері, ұжым мен серіктестер командасының қолдауы арқасында колледж нарықтық экономикаға кірудің күрделі жағдайларына төтеп бере алды.

1991 жылы республиканың озық тәжірибелі оқу орындарының бірі ретінде техникум базасында «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша колледждердің Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі құрылды.

2010 жылдан-2018 жылға дейін Талдықорған политехникалық колледжін Тәкенова Ғайнижамал Долдақызы басқарды. Педагогика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ғылыми педагогикалық білім Академиясының корреспондент-мүшесі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, ҚР Білім беру ісінің Үздігі.

Ғ.Д.Тәкенова осы колледжде 42 жыл еңбек етіп , жас маман болып келіп, оқытушы, кафедра меңгерушісі, оқу және ғылыми-әдістемелік жұмыстар бойынша директордың орынбасары болып қызмет атқарды. Білім берудегі заманауи менеджері бола тұра, ол кісі колледждің дамуы бойынша оңтайлы басқару шешімдер қабылдай алды. Оқу орнының материалды-техникалық базасы нығайтылып, жаңартылды. Оқу-өндірістік шеберханалар, қоғамдық-тұрмыстық кешені ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оқу кабинеттері, шеберханаларға заманауи мультимедиялық, басқа да жабдықтар, оқу-әдістемелік әдебиеттер алынды.

2018 жылдан бастап Талдықорған политехникалық колледжін Мұқажанов Ерқат Биғалиұлы басқаруда.

Ерқат Биғалиұлы – физика-математика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ғылыми педагогикалық білім Академиясының корреспондент мүшесі, А.Нобель

медалінің иегері, Ресей жаратылыстану Академиясының профессоры, ЕҒА ғылым докторы.

Ерқат Биғалиұлы 2010 жылдан бастап колледж директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары, оқу және ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі бірінші орынбасары қызметін атқарды.

2019 жылғы 27 ақпанда білім беру мекемелерінің атауларын өзгертудің кейбір мәселелері туралы № 81 Қаулысымен «Алматы облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Талдықорған политехникалық колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны, «Алматы облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Талдықорған жоғары политехникалық колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта өзгертілді.

Колледж – 2013 жылы Алматы облысының «Техникалық және кәсіптік білім берудің үздік оқу орны» болды. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту» жобасы шеңберінде Дүниежүзілік банктің Халықаралық грант иегері атанды. 2016 жыл – Ұлттық бизнес-рейтингтер халықаралық Одағының және ҚР ұлттық бизнес рейтинг ұйымдастыру комитеті колледжі «Білім беру саласының көшбасшысы – 2016» деп танып, «Гордость образования – 2016» «Білім беру мақтанышы – 2016» ұлттық сертификатымен және «БЕЙІМДІЛІК. ДАНАЛЫҚ. БІЛІМ» медалімен марапатталды. ҚР бойынша «Золото рейтинга» атағына ие болды. («Даму динамикасы» номинациясы бойынша (арнаулы орта білім). 2016 жылы Алматы облысының ТжКББ оқу орындары арасында өткен «Колледждің үздік кітапханасы» байқауында колледж кітапханасы І орынды иеленді. 2017, 2018 жылдары – «Баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру» жобасы шеңберінде 18 жұмысшы мамандығы бойынша білім беру бойынша лицензия алды. 2018ж – Алматы облысы бойынша 74 колледж арасында «Холдинг «Кәсіпқор»» КЕАҚ рейтингінің қорытындысы бойынша 1 орын иегері болды. 2018 жыл – SMART-колледжінің электронды кешені болып табылуда.

Талдықорған қаласының білім беру мекемелері арасында дене шынықтыру, денсаулық сақтау, спорттық және мәдени іс-шараларды бағалаудың 10 жылдық рейтингінің қорытындысы бойынша колледж көшбасшы болып танылды.

Уақыт өтіп, педагогтар мен білім алушылардың құрамдары ауысып отырғанымен, колледж негізгі мақсатына жету жолынан таймаған, заман қиындықтарын басынан шеккен аталмыш білім ордасы жас мемлекетіміздің шағын буындарының бірі болып, өркендеу, даму жолында бірталай жетістіктерге ие болып, білікті мамандар даярлайтын дамушы жаңашыл оқу орны болып отыр.

Рубрики: НОВОСТИ