85 жылға жуық тарихы бар Талдықорған жоғары политехникалық колледжі

Опубликовано Админ в

Сексен бес жылға жуық тарихы бар Талдықорған жоғары политехникалық колледжі – қазіргі заман талабына сай сапалы білім беретін, оқу үрдісінде ғылым мен тәжірибені қатар ұштастырған, жоғары деңгейдегі оқу орны болып саналады. Әр жылдарда оқу орнының басшылық қызметін білікті мамандар, кәсіптік білім беру ісінің үздіктері басқаруда. Жаңа мақсат пен мүмкіндіктерге жол ашылып, жаңа мамандықтар саны жылдан-жылға артуда. Басшылықтың тынымсыз әрекеттері, ұжым мен серіктестер командасының қолдауы арқасында колледж нарықтық экономикаға кірудің күрделі жағдайларына төтеп бере алды.

Жаһандық өркениетке бастаған білім ордасын 2018 жылдан бастан физика-математика ғылымдарының кандидаты Мұқажанов Ерқат Биғалиұлы басқаруда. 2019 жылдан бері қарқынды дамушы жоғары колледж саналатын, қолданбалы бакалавриат бойынша мамандар даярлығын жүзеге асыратын үздік оқу орнының жеткен жетістіктері аз емес. Қазіргі таңда колледжде 2500-ге тарта студент білім алып, 200-ге жуық оқытушы мен қызметкерлер жұмыс атқаруда.

Колледжде «Баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру» жобасы шеңберінде 18 жұмысшы мамандығы бойынша білім беру бойынша лицензиясы бар. 2023 жылға дейін 9 мамандық бойынша институциональды мамандандырылған акредиттеуден өтті.

Талдықорған жоғары политехникалық колледжі еңбек нарығында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде сұранысқа ие 13 мамандық бойынша бәсекеге қабілетті кадрлар даярлайды. Олар: «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану», «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану», «Радиоэлектроника және байланыс», «Ақпараттық жүйелер», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Телекоммуникациялық құралдар мен тұрмыстық техникаларды жөндеу және қызмет көрсету», «Электр және электромеханикалық құрылғыларды техникалық пайдалану, қызмет көрсету және жөндеу», «Қалдықтарды қайта өңдеу», «Дене тәрбиесі және спорт» «Кәсіптік білім беру», «Есеп және аудит», «Экономика» мамандықтары. Сонымен қатар, кәсіптік білім беру бойынша «Қолданбалы бакалавр» «бакалавриат» деңгейіндегі, яғни, негізгі білім беру бағдарламасын аяқтаған, әлеуметтік-экономикалық қызметтің әртүрлі салаларындағы технологиялық міндеттерді шешу бойынша құзыреттіліктерге ие, білім беру мекемесін аяқтағаннан кейін дереу кәсіптік қызметке кірісуге дайын түлекке берілетін біліктілік бойынша оқытады.

Колледж «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығын оқытатын үздік оқу орны болып табылады. Сапалы білім, кәсіби шеберлік алумен қатар, білімді, білікті маман иелері болып, нарық заманында бәсекеге түсе алатын, түскен ортасында өзінің білім деңгейі мен кәсіби шеберлігін көрсете алатын болашақ мамандарды дайындауда  колледж ұстаздары мен өндірістік оқыту шеберлері осы міндеттемелерді орындауда жоспарлы еңбек етуде.

Жоғары колледж саналатын оқу орны кең көлемде материалдық-техникалық базасы толық жасақталған. Қазіргі заман талабына сай оқу кабинеттері, өндірістік шеберханалар, жаңа ақпараттық технологиялармен қажеттігіне қарай қамтамассыз етілген. Мұнда кәсіби мамандар, өз ісін жетік меңгерген ұстаздар қауымы жұмыс істейді. Оқу үрдісінде  кредиттік оқыту технологиясы, қашықтан оқыту технологиясы сияқты жаңа бағыттағы жұмыстар да енгізуде.

Колледжің интернет желісінде тұрақты сайты, әлеуметтік желілерде Instagram, facebook парақшалары жүргізілуде. Онда болашақ оқуға түсуші оқушылаға колледж туралы мәліметтер үздіксіз жарияланып отырады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, колледжде «Жас маман» жобасы жүзеге асырылуда. «Жас маман» жобасы «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасының құрамына кіреді. Жобаның негізгі мақсаты – сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік мамандықтар бойынша жаңғыртуды және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу болып табылады. Колледжде кадрларды дайындаудың халықаралық стандарттарын енгізу үшін шетелдік серіктестермен бірлесіп кадрларды дайындау бағдарламаларын жаңарту, оқытушыларды даярлау және оқу орны мен менеджмент процестерін жетілдіру бойынша жұмыс ұйымдастырылады.

«Жас маман» жобасын іске асыру бойынша Талдықорған жоғары политехникалық колледжі республикалық және халықаралық деңгейде талап етілетін мамандарды дайындау үшін қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандырылатын болады, сонымен қатар, IT бағыты мен құрылыс мамандықтары бойынша өз өңірі үшін құзыреттілік орталығына айналады. WorldSkills ұлттық және халықаралық чемпионаттарына қатысушыларды даярлауды жүргізетін болады.

Талдықорған жоғары политехникалық колледжі – заманауи цифрлық технологиялар мен қазіргі инфрақұрылымға негізделген мобильді білім беру ортасы. Smart-колледж, IT-орталығы және робототехника, Cisсo Академиясы, Cybersport Академиясы, StartUp Акадаемия, Медиа орталық, ServerCenter, Worldskills Center және жаңартылған инновациялық технологияларды меңгеруге жағдайлар жасалған. 2018 жылдан бастап  SMART-колледжінің электрондық құжат айналымының инновациялық жобасы енгізілді. Колледж студенттері аймақтық облыстық, республикалық Worldskills чемпионатында қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Жастар арасында шығармашылық әлеуетті қалыптастыру мақсатында StartUp Акадаемиясы көптеген жұмыстар атқаруда. Колледж оқу үрдісіне жаңа ІТ-технологияларды енгізу және игеру мақсатында «ІТ-орталық», «Жаңа ақпараттық  технологиялар» зертханасы және «Cisсo Академия» құрылды.

Соңғы жылдары Талдықорған жоғары политехникалық колледжі техникалық-кәсіптік білім беру мекемелері арасында үздіктердің қатарында. Білім сапасын қамтамасыздандыру  агенттігінің растауымен колледж Қазақстандағы техникалық колледждердің 2019 жылғы Ұлттық рейтингінде үздік үштік қатарында болса, 2018 жылы – Алматы облысы бойынша 74 колледж арасында «Холдинг «Кәсіпқор» КЕАҚ рейтингінің қорытындысы бойынша ең үздік колледж ретінде танылды. Еліміздің үздік колледждері қатарындағы оқу орны жаһандық өркениетке сай дәстүрлі іс-тәжірибесі қалыптасқан, игілікті істердің нәтижесінде жоғары дәрежеге ие болуда!

Талдықорған жоғары политехникалық колледжі – армандарға қанат бітіретін кұтты білім ордасы. Талантты, дарынды жастардың басын біріктіріп отырған мекен. Колледж ұжымы жасөспірімдерді тәрбиелеуде, олардың жан-жақты қабілетін ашып көрсету үшін аянбай еңбек етуге әрқашан дайын. Олай болса, Жетісу жерінің беделді оқу орындарының бірі саналатын Талдықорған жоғары политехникалық колледжі жан-жақты мұқият жоспарланған ісімен және шығармашылық ізденісімен әрі қарай талай белестерді бағындыруда көптеген жұмыстар атқаратынына кәміл сенеміз!

Рубрики: НОВОСТИ