Жастар Жолдау жайын талқылады
Жастар әрдайым жаңашылдықтың маңайынан табылуы тиіс. Өйткені, баба жұрт «Жас келсе іске» деп тегін айтпаса керек. Бұл сөздің астарында үлкен мән бар. Қай істі болмасын олар жаңашылдықпен, тың идеямен бастайды. Міне, осы үдеден танбай Алматы облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Саяси Кеңесінің мүшесі Еркебұлан Ақболат жастармен жүздесті. Жоғары Политехникалық коллежде өткен кездесудің мақсаты – ел президенті Қ.Тоқаевтың биылғы дәстүрлі Жолдауын жастар арасында түсіндіру.
Жасотандықтардың Жолдау жайын түсіндіруінің өз жайы бар. Өйткені бұл Жолдау жастар мәселесін оң жампасқа түсіріп тұр. Демек, атаулы құжат арқылы қоғамның ең белсенді мүшелерінің талай түйінді проблемалары шешілмек.
– Биылғы Жолдаудың жастар үшін маңызы қандай? Міне, әуелгі сұрақ осы болсын. Қазір жастар арасында көптеген мәселе бар. Тізбектесек, жұмыссыздық, кадр тапшылығы, жас мамандардың баспана байыбы, вандализм, жастардың қоғам өмірінен алшақтап кетуі, тағысын тағылар. Осы жайдың бәрі Жолдауда қамтылған. Мәселен, Ұлы Абай: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» демей ме? Міне, бар мәселенің бастауы жұмыссыздықтан басталады. Жастар арасында бұзақылық, вандализм, заңбұзушылық, әрі кетсек, жас отбасылардың ажырасуы. Міне, осындай мәселелерді болдырмау үшін жастарды жұмыспен қамтып, оларды қоғамға қажетті мамандықтармен қамту керек. Жұмыссыздықпен күресу үшін елімізде түрлі мемлекеттік бағдарламалар қолға алынуда. Жастар тартынбай сол бағдарламалардан өз үлесін алуы тиіс, сол бағдарламалар арқылы түйінді мәселелерін шешуі керек, – деді Е.Ақболат.
Жастар көшбасшының әңгімесінен соң пікір алмасты. Жастардың мәселелерін шешудің жолдарын талқылады. Бастысы Жолдаудың жастарға берері көп екеніне көз жеткізді.