Талдықорған жоғары политехникалық колледжі ұжымының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурызда парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдауына пікірі
Президенттің бұл жолдауында жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы айтылды.
Семей аймағында Абай облысы, бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы құрылады. Сондай-ақ Алматы облысының қазіргі территориясы екіге бөлініп, екі облыс болмақ. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Ең алдымен Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынды. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болатыны қатты қуантты. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының орталық болғаны, тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртқаны игі шешім болды деп санаймын.
Сондай-ақ бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы құрылады.Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Осылайша Ұлытау аймағының дамуына жол ашылады.
Президенттің айтуынша, Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. “Алматы облысының орталығына бару үшін халықтың босқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады”, – деді мемлекет басшысы.
Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді.
Сондай-ақ президент Қапшағайға Қонаевтың есімін беру туралы ұсынысты қолдайтынын айтты.
Сонымен қатар, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізілетінін айта кетуге болады. «Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізілетін болды. Бұл да батыл қадам. Соның ішінде тілге қатысты заң қабылданса екен деген тілек бар. Президент Қасым–Жомарт Тоқаев ұлттық мүддеге, халыққа деген адалдығын тағы бір мәрте көрсетті. Мемлекет басшысының бүгінгі жолдауы халықтың еңсесін көтеріп, Қазақстанның дамуына үлес қосуға деген құлшынысын оятты.
Біздер үшін Мемлекет басшысының жариялаған шешімдері қандай мұқияттылықпен қабылданса, алға қойылған міндеттерді дәл солай жүзеге асыру маңызды.
Колледждің әдістемелік кабинеті