ТАЛДЫҚОРҒАН ЖОҒАРЫ ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІНДЕ ЖАҢА СТУДЕНТТЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ
ТАЛДЫҚОРҒАН ЖОҒАРЫ ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІНДЕ ЖАҢА СТУДЕНТТЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ
Ел Президентінің жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Алматы облысы әкімінің басшылығымен өңірде жыл басынан бері студенттер үйлері салынып, сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалуда.
Алматы облысында «Тәуелсіздікке тарту» акциясы аясында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс орталығында Жоғары политехникалық колледждің жатақханасы өз есігін айқара ашты. Жобалар Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында жүзеге асырылған, облыс әкімінің қолдауымен студенттер үйінің құрылысы сәтті аяқталып, қолданысқа берілді. Салтанатты шарада Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ студенттерді құттықтап, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің директоры Мұқажанов Ерқат Биғалиұлына жаңа ғимарат кілтін салтанатты түрде табыс етті.
«2500-дей студент білім алып отырған оқу ордасы 2020 жылы «Қазақстан Республикасының Үздік 10 колледжі» қатарына енді. «Жас маман» жобасы бойынша 16 оқу аудиториялары мен зертханалары, өндірістік шеберханалар ғимаратында 8 шеберханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, МТБ-ы ең озық деген технологияға бағытталған халықаралық «WorldSkills» стандарттарына сәйкес келетін оқу-өдірістік құралдармен жабдықталуда. Аймақтық «WorldSkills» чемпионаттарында 16 біліктілік бойынша жүлделі орындарды жеңіп алған 61 студентіміз бар. Колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы 92 пайыз. Колледж елімізді дамытуға үлес қосатын азаматтарды тәрбиелеуде. Мына жатақхана ауылдардан келген жастарымыздың тұрғылықты мекен-жай мәселесін шешіп, алдағы уақытта білімге бар уақытын жұмсайды деп сенемін. Колледж студенттері арасынан түрлі ғылыми жаңалықтар ашатын да мамандар шығатынан да күмәнім жоқ» – деді, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің директоры Мұқажанов Ерқат Биғалиұлы.
200 орындық жаңа 5 қабатты заманауи жабдықталған студенттік үйінің жалпы ауданы 4500 шаршы метрді құрайды. Мұнда барынша жайлы жағдайлар жасалған, студенттер мен қызметшілерге арналған тұрғын бөлмелер, сабақ және демалыс бөлмелері, изоляторы бар медициналық пункт, тұрмыстық мақсаттағы бөлме, қоғамдық тамақтандыру бөлмесі және қызметтік-техникалық үй-жайлар бар. Болашақ мамандардың жайлы тұруы үшін ауданы 12,05 шаршы метр 36 екі орындық бөлме және ауданы 18,14 шаршы метр 3 адамға 42 бөлме, әр блокта кіреберіс, ас үй, душ және санитарлық торап бар.
«Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының 3 курс білімгерімін. Мен 2020 жылы WSK чемпионатының «Интернет заттары» құзыреттілігі бойынша жүлделі орынға ие болдым. Ендігі алдыма қойған мақсатым осы құзыреттілік бойынша Республика деңгейінде жүлделі орынға ие болу және болашақта өзімнің мамандығым бойынша Мемлекетіміздің IT саласынының дамуына өз үлесімді қосамын. Жатақхана тұрғын үй мәселесін шешті, енді осы білім ордасы студенттерінің атынан ел дамуына қызмет атқарамыз деп уәде береміз. Іліяс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіне, жоғары медициналық колледжіне және бізге студенттер үйі салынуы облыста Жастар саясатына деген көңіл ерекше екендігін білдіреді» – дейді колледж студенті Нурдаулет Дінасыл. Жаңа студенттер үйінің ашылуы, облысымызда жастарға жайлы жағдайлар жасалынып, кәсіптік-білімді игеруде, білімді де білікті жас ұрпаққа үлкен қолдаудың белгісі.