Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай, 2025 жылғы 19 желтоқсанда Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде «Қазақтың Қадыры» атты әдеби батл өтті.
Іс-шараны колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушылары Қамрова Г.Қ. және Андасова Г.Қ. ұйымдастырды. Әдеби батлға 1 курс білімгерлері қатысты.
Іс-шараның мақсаты — Қадыр Мырзалиевтің бай әдеби мұрасын насихаттау, ақын шығармалары арқылы ұлттық рухты, ана тіліне, елге деген сүйіспеншілікті арттыру. Сонымен қатар білім алушылардың көркем сөз оқу мәдениетін, әдеби талдау жасау қабілетін және шығармашылық белсенділігін дамыту, поэзияға деген қызығушылығын ояту көзделді.
Әдеби батлдың ерекшелігі — оның дәстүрлі әдеби байқаулардан өзгеше, шығармашылықпен ұштасқан заманауи форматта өтуі. Қатысушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу, шығармаларға талдау жасау, поэзиясындағы ұлттық болмыс пен адамгершілік құндылықтарды ашу, сұрақ-жауап кезеңі және ақын сөзіне жазылған әндерді орындау арқылы өз білімдері мен өнерлерін көрсетті. Батл форматы жастардың еркін ойлауына және өз көзқарасын ашық білдіруіне мүмкіндік берді.
Бұл шара жас ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруда, қазақ әдебиетіне деген құрметін арттыруда маңызды рөл атқарды. Қадыр Мырзалиевтің шығармалары арқылы ана тілінің құдіреті, ұлттық болмыс пен отансүйгіштік идеялары кеңінен дәріптелді.
Нәтижесі бойынша:
- І орын — SW-511 b
- ІІ орын — IN-511
- ІІІ орын — RCAS-513 b және SW-517 b командалары
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталды.


